Рамазанда пойыздардағы вагон-мейрамханаларда спирттік ішімдік сатылмайды
Рамазан айында пойыздарда алкоголь сатылмайды.
Рамазан айында пойыздардағы вагон-ресторандар арнайы жұмыс кестесіне көшеді. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
"Жаңа тәртіп 40 вагон-ресторанда енгізіледі. Енді олар күн сайын сағат 08:00-ден түнгі 24:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ораза ұстаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында сәресі уақытында – сағат 04:00-ден 05:00-ге дейін қосымша ашық болады. Осы уақытта жолаушылар таңғы асын ішіп үлгере алады", – делінген хабарламада.
Рамазан айына орай вагон-ресторандарда арнайы әзірленген мәзір топтамалары ұсынылады. Ал ауызашар кезінде жолаушыларға су мен құрма тегін таратылады. Сонымен қатар қасиетті айда пойыздарда алкоголь өнімдері сатылмайды.