1-30 қыркүйек аралығында Дүниежүзілік сүйек кемігі доноры күніне, Дүниежүзілік созылмалы миелоидты лейкозға қарсы күрес күніне, Дүниежүзілік лейкозға қарсы күрес күніне орай "Қызыл қыркүйек" акциясының  шеңберінде бірқатар іс-шаралар өтеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жыл сайын елде 1000-ға жуық адам қан мен қан түзуші ағзалардың қатерлі ісіктерімен, олардың үштен бірі – лейкемиямен ауырады. Қазақстанның гематолог дәрігерлерінің диспансерлік есебінде онкогематологиялық патологиясы бар 10 820 пациент тұр", – деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда "Қызыл қыркүйек" акциясы екінші рет өткізілуде. Акция шеңберінде халықтың қан аурулары туралы хабардарлығын арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде 9 қыркүйек, сенбі күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың консультациялық-диагностикалық орталығында қан және қан түзуші жүйенің аурулары бойынша Ашық есік күні өтеді. Онда астана тұрғындары мен қонақтары жоғары білікті мамандардан, онкогематолог дәрігерлерден тегін кеңес ала алады.


Оқи отырыңыз: 1414 желісі бойынша МӘМС және тегін дәрі-дәрмекке қатысты ақпарат алуға болады.


Консультацияға 18 жастан асқан ҚР азаматтары шақырылады. Қабылдау күні сізбен бірге жеке куәлік, медициналық қорытындылар және бұрын алынған зерттеу нәтижелері болуы керек.

Жұмыс күндері сағат 08:00-17:00 аралығы. Сенбі және жексенбі – демалыс күндері.