Қытайдың Сиань Цзяотун университетінде "Бір белдеу – бір жол" бастамасының озық ғылыми-технологиялық жетістіктерімен алмасу жөніндегі халықаралық конференция өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Конференция аясында Сиань Цзяотун университеті тарапынан Шәкәрім университетіне "Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына" арналған жабдықтардың алғашқы партиясын беру туралы естелік сертификат табыс етілді. Сондай-ақ "Шәкәрім" Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының салтанатты ашылуы болды.

Жаңадан құрылатын зертхана екі ел арасындағы технология алмасу мен өндірістік серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарып, ғылыми жаңалықтарға негізделген ортақ экономикалық тізбектің дамуын жылдамдатады. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі инновацияларды дамыту, өндірісті жаңарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Сондай-ақ, зертхана логистика саласындағы жаңа технологияларды зерттеу мен дамытуға бағытталады. Мұнда автоматтандыру, ақылды логистика жүйелері мен логистикалық саланы жетілдіруге арналған арнайы платформа құрылады. Ол толықтай Абай облысының өңірлік инновациялық платформасына интеграцияланып, қазақстандық инженерлік ғылымның жаңа тынысын ашады деп күтіліп отыр.

"Бұл зертхана – идеядан нақты іске айналған серіктестіктің айқын нәтижесі. Ғылым мен технология саласындағы осындай ынтымақтастық – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялық даму және интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясымен үндес", – деді вице-министр.

"Шәкәрім" Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы – ұлы ойшылдың шығармашылығы мен философиясына арналған шетелдегі тұңғыш институционалды орталық. Халықаралық деңгейде ашылып отырған орталықтың негізгі міндеті – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, соның ішінде Шәкәрім мұрасын терең зерделеу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырудағы өзара тиімді платформаны қалыптастыру, қазақ мәдениетін Қытайда кеңінен таныстыру, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту.

"Шәкәрім" Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы – ерекше мәнге ие тарихи қадам. Біздің университет қазақ ойшылы Шәкәрімнің атында. Сондықтан орталықтың ашылуы біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Шәкәрім университеті мен Xi’an Jiaotong University арасындағы серіктестік мәдениеттер мен ұрпақтарды біріктіретін сенім мен достық кеңістігін қалыптастырады. Осы орталықты ашуға қызмет жасаған екі университет қызметкерлеріне рақмет айтамын. Бұл орталық ғылыми-мәдени жағынан екі елдің жетістіктерін насихаттауға қызмет атқаратынына сенімдімін", – деді ол.