Қыркүйектен бастап ҚазҰУ профессорларының жалақысы 163% артып, 500 мың теңге болды
Мұнымен қатар, оқытушы жалақысы 38%-ға, аға оқытушыныкі 75%-ға көбейді.Жаңа оқу жылынан бастап ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы өсті. Бұдан былай университет профессорлары 500 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
"Биылғы жаңа оқу жылынан бастап біз университетіміздегі оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсірдік. Атап айтсақ, оқытушы жалақысы – 38%-ға, аға оқытушынікі – 75%-ға, доценттікі – 88%ға, профессордың жалақысы 163%-ға артты. Бұдан былай ҚазҰУ оқытушысы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алатын болады", – деді ректор.
Сондай-ақ, басқарма төрағасы ҚазҰУ-да әр жарты жыл сайын Scopus мәліметтер базасының журналдарында мақала жариялаған авторларға қомақты қаржылай сыйақы берілетінін хабарлады.
"Республикалық беделді ғылыми танымдық газет-журналдарда мақаласы жарық көрген оқытушыларға да жылына екі рет арнайы бонустар төленеді", – деді Жансейіт Түймебаев.
Еске салсақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының жалақысы қыркүйектен бастап көбейетінін мәлімдеген болатын. Дәлірек, аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңгені құрап, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.
Оқытушылардың жалақысы көтерілсе де, олардың оқу жүктемесі, керісінше, төмендетіледі. Бұл мұғалімдердің ғылыми қызметпен айналысуларына мүмкіндік пен уақыттың жеткілікті болуы үшін жасалып жатыр.