Прямой эфир Новости спорта

Қыркүйектен бастап ҚазҰУ профессорларының жалақысы 163% артып, 500 мың теңге болды

Мұнымен қатар, оқытушы жалақысы 38%-ға, аға оқытушыныкі 75%-ға көбейді.

Жаңа оқу жылынан бастап ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы өсті. Бұдан былай университет профессорлары 500 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

"Биылғы жаңа оқу жылынан бастап біз университетіміздегі оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсірдік. Атап айтсақ, оқытушы жалақысы – 38%-ға, аға оқытушынікі – 75%-ға, доценттікі – 88%ға, профессордың жалақысы 163%-ға артты. Бұдан былай ҚазҰУ оқытушысы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алатын болады", – деді ректор. 

Сондай-ақ, басқарма төрағасы ҚазҰУ-да әр жарты жыл сайын Scopus мәліметтер базасының журналдарында мақала жариялаған авторларға қомақты қаржылай сыйақы берілетінін хабарлады.

"Республикалық беделді ғылыми танымдық газет-журналдарда мақаласы жарық көрген оқытушыларға да жылына екі рет арнайы бонустар төленеді", – деді Жансейіт Түймебаев.

Еске салсақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының жалақысы қыркүйектен бастап көбейетінін мәлімдеген болатын. Дәлірек, аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңгені құрап, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.

Оқытушылардың жалақысы көтерілсе де, олардың оқу жүктемесі, керісінше, төмендетіледі. Бұл мұғалімдердің ғылыми қызметпен айналысуларына мүмкіндік пен уақыттың жеткілікті болуы үшін жасалып жатыр.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары