Қуыршақ театры алғаш рет "Менің атым – Қожа" қойылымын сахналайды
Мемлекеттік қуыршақ театры Бердібек Соқпақбаевтың әлемге танылған "Менің атым – Қожа" шығармасын тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде сахналап, көрермен назарына премьерасын ұсынады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алған классикалық туынды – ұлт руханиятының мәңгілік құндылықтарын дәріптейтін шығармалардың бірі. Халықтың сүйікті кейіпкеріне айналған Қожа бейнесі сахна төрінде қуыршақ өнерінің тілімен жаңаша сипат алып, кішкентай көрерменнің жүрегіне жол тартпақ.
"Біз үшін Бердібек Соқпақбаевтың шығармасын қуыршақ театры сахнасына шығару – үлкен жауапкершілік. Бұл туынды әр буынның жүрегіне жол тапқан. Енді сол рухани мұраны қуыршақ өнері арқылы жаңғыртып, жас көрерменге жеткізу – біздің басты мақсатымыз", – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.
Қойылымның режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Ол өз еңбегінде шығарманың басты идеясы балалықтың шынайы әлемін, өжеттігі мен аңғал тазалығын сақтай отырып, қазіргі заман баласына түсінікті әрі тартымды түрде жеткізуді мақсат еткен.
Инсценировка авторы Дамир Амантай көрерменге әдебиет пен театрдың түйіскен тұсында жаңа көркемдік шешім ұсынады. Оның драматургиялық нұсқасы Қожаның ішкі жан дүниесін, арман-қиялын және өмірге деген көзқарасын қуыршақ театрының поэтикасына үйлестіріп, шығарманың рухын терең ашады.
Қойылымның бейнелік әлемін қалыптастырған суретші Юлия Чернова балаларға таныс ауыл тіршілігін, мектеп өмірін және Қожаның еркін мінезін бейнелейтін сахналық кеңістік пен қуыршақ кейіпкерлерді көркем шешіммен ұсынды.
Музыкалық әрлеуді композитор Нұрсұлтан Төреәли орындаған. Оның әуендері оқиға желісін сезіммен өріп, Қожаның көңіл күйін әуез арқылы жеткізеді. Ал қойылымның би қимылдарын балетмейстер Ринат Билибаев сахна ырғағына үйлестіріп, көріністерге серпін мен ойындық сипат берді.
Мерейлі 90-шы маусымдағы өнер ордасының кезекті премьерасы – әдеби мұраны заманауи сахна өнері арқылы насихаттаудың бірегей үлгісі. Көрермен Қожаның күлкі мен қайшылыққа толы балалық әлеміне еніп, оның ой-санасының қалыптасу жолына куә болады.