Парламент "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатымен әзірленген, деп хабарлады Парламент мәжілісінің баспасөз қызметі

Заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекітіп, оның мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызмет принциптерін, құрылымын, құрылу тәртібін және өкілеттіктерін жүзеге асыру формаларын айқындайды. 

Жаңа заң шығарушы орган бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру мәселелері, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары бекітіледі. 

Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді, бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады. 

Қабылданған Конституциялық заң Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, соның ішінде Үкімет мүшелері лауазымына тағайындау үшін кандидаттарға қатысты консультациялар өткізуді, олардың есептерін тыңдауды және тағы басқаларын белгілейді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстарын қарастыратын депутаттық бастамалар бойынша Үкіметтің қорытындыларын үш айлық мерзімде ұсыну тәртібі белгіленеді. 

Аталған заң аясында Құрылтайдың Қазақстан Президентіне Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері лауазымына тағайындауға келісім беруі белгіленеді. 

Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Бұдан бөлек, заңда Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетігі туралы нормалар көрініс тапқан.