Қостанай ауданында 89,4 миллион теңгенің су құбыры тартылмаған, деп хабарлады Қостанай облыстық прокуратурасы.

Московское ауылындағы 2 мыңға жуық халық қазіргі күні ауыз суды құдықтан ішіп отыр. Ал прокуратура ауылдағы ауыз суға қатысты мемлекеттік сатып алу туралы заң өрескел бұзылғанын айтты.

"Аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 859,6 миллион теңгеге Московское ауылында су құбырын салуға шарт жасалған. Шарт бойынша нысан былтыр 20 шілдеде тапсырылу керек болған. Алайда мердігер ұйым іс жүзінде жұмыс істемеген, салдарынан шарт біржақты тәртіппен бұзылған", – делінген хабарламада.

Заң талаптарына қарамастан, тапсырыс берген құрылыс бөлімі мердігерден қаржыны мемлекет кірісіне өндірмеген.

Аудан прокуратурасының араласуынан кейін сот тәртібімен 89,4 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.