ҚМДБ діни мәселелер бойынша кеңес алу үшін тегін байланыс нөмірін іске қосты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы азаматтарға жедел әрі қолжетімді ақпарат беру мақсатында ҚМДБ Call орталығының жаңа тегін 1511 қысқа нөмірін іске қосты, деп хабарлады діни басқарманың баспасөз қызметі.
"Кез келген азамат 1511 нөміріне қоңырау шалып, діни мәселелер бойынша өзіне қажетті мәліметті тікелей білікті мамандардан ала алады. Қазіргі таңда 1511 қысқа нөмірі арқылы Kcell, Activ, Beeline және Қазақтелеком байланыс операторларының абоненттері тегін хабарласа алады", – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Ал Tele2 және Altel желілерін пайдаланатын азаматтар үшін қосымша байланыс нөмірі іске қослыған: +7 707 233 30 30.
Аталған бастама қоғамға ресми әрі сенімді ақпарат көзін ұсынуға бағытталған.
"Мүфтият алдағы уақытта да қоғаммен байланысты нығайтуға бағытталған қызметтерді жүйелі түрде дамыта бермек", – делінген ресми хабарламада.