Қазақы тазы мен төбеттің стандарты әзірленді
Құжатта ит тұқмдарының стандарты мен кемшілітері көрсетілген.Қазақстанда тазы мен төбет иттердің стандарты әзірленді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тиісті құжатты АшықНҚА порталында жариялады.
Құжатта ит тұқмдарының стандарты мен кемшіліктері көрсетілген.
Қазақы тазының стандарты:
- Бойы орта және ортадан жоғары, мықты денесі бар арықтау ит, созылу индексі 103.
- Төбет шоқтығының биіктігі – 60 сантиметрден 70 сантиметрге дейін, қаншықтың шоқтығы – 55 сантиметрден 65 сантиметрге дейін.
- Түсі: қара, ақ, түрлі реңкті ақшыл сарғыш, қызыл және сұр түстердің барлығы. Барлық өңдер тұтас, сонымен қатар теңбіл болуы мүмкін.
- Жүні жұмсақ, жібек тәрізді, тік, ұзындығы қыста 4,5 сантиметрге және жада 2,5 сантиметрге дейін болады, қысқа жүнді түбіті жақсы дамыған. Құлағының ұшынан 5-6 сантиметрге түсіп тұратын, бұйра, жұмсақ шашы ұйпаланған, алдыңғы аяғының, жамбасының артқы жағында ұзындау жүн түбіт шашқа айналады.
- Терісі жұқа, созылғыш, қатпары жоқ. Бұлшық еттері жақсы дамыған, әсіресе белінде, жамбасында, сүйектері мықты, бірақ ауыр емес.
- Арық, сопақ, бас сүйегі біркелкі жалпақ болып келеді. Үстінен қарағанда сына тәрізді. Желкесі біркелкі, ал төбе сүйегі өте нашар дамыған. Маңдайынан тұмсығына өту әлсіз байқалады. Тұмсығы (кертік) құрғақ.
- Жота сызығынан болмашы білеуленуі, арқасында шоқтықтан кейін кішкене шұңқыр болады.
- Біріңғай арық, сүйекті және иінтіректері ұзын. Мүшелену бұрыштары жақсы дамыған, артынан қарағанда түзу және параллельді. Секіру буындары айқын білінеді.
- Жеңіл жорту, аңды аңду кезінде – шапшаң жүгіру. Алғыр, қырағы, аңға өшпенді, төзімді және икемді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тазы мен төбет иттердің жеке-жеке стандарттары әзірленеді
Қазақы төбеттің стандарты:
- Шоқтығының биіктігі құйымшағындағы биіктікке тең. Басының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктің кемінде 40 пайызын құрайды. Дене тұрқының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктен шамамен 10 пайызға асып түседі, бұл ретте төбеттер қаншықтарға қарағанда біршама жинақы. Төбеттердің оңтайлы бойы – 72-76 сантиметр, қаншықтардікі – 68-72 сантиметр.
- Күшті және төзімді.
- Ұзын трапецияны еске салатын дөңгелек нысанды созылыңқы, жақсүйектері жетілген, бірақ сыртқа шығыңқы емес. Бассүйегі: біркелкі кең, сопақша, ұзын. Маңдайы тегіс, орта тұсында кішігірім ойығы бар.
- Мұрнының ұшы ірі, қара, біркелкі боямалы, танауы кең. Ашық түсті иттерде – қара-күрең. Төменгі жақ сүйегінің үстінде алға шығып тұрады. Тұмсығы бассүйек ұзындығынан біршама қысқа.
- Еріндері: Қалың. Күрт қиығы бар жоғарғы ерні төменгі ернін жауып тұрады. Еріндерінің сырты қою қара болғаны жөн. Жақтары кең, мықты, күшті, жақсы жетілген, иектері жақсы байқалады.
- Арқасы мен белі қуатты, кең, бұлшық еттері жақсы жетілген. Сауыры ұзын, кең, тегіс, тайқы, бұлшық етті. Кеудесі доғал қиылысты, біркелкі кең, ұзын, терең, жауырыны сыртында кеңейе түскен, шынтағына дейін немесе сәл төмен түсіңкі, шеткі қабырғасы ұзын. Кеуделігі босаң білінеді. Қарны тартылған.
- Үнемшіл, еркін, жеңіл. Жорғалағанда үстіңгі жағының сызығы бірдей және берік, алдыңғы және артқы аяқтарының буындары жеңіл бүгіледі, арқасы мен белі серіппелі. Өзіне тән жортуы – асықпай адымдаумен және жеңіл, із тастап жорғалаумен (табан іздерін бір-біріне сай келтіру) сипатталады.
- Жүні қалың, ірі, тік, жүн астындағы түбіті жақсы өскен, бірақ ұзын емес (иін жүндерінен қысқа). Басында және үстіңгі алдыңғы жақ жүні қысқа, тік өскен, тығыздала жымдасқан.
- Түсі тарғыл немесе ірі түрлі-түсті дақтары басым болып келетін ала-құла, жирен түстің барлық өңдері, ақ. Бояма реңінде теңбілдақтардың болуына жол беріледі.
- Өлшемдері төбеттер үшін – 66-78 сантиметр, қаншықтар үшін – 64-74 сантиметр. Салмағы бойына пропорционал және төбеттер үшін – 40-65 килограммды, қаншықтар үшін 35-55 килограммды құрайды.
Бұйрық жобасы 3 нарызға дейін қоғам талқылауына ашық. Қабылданған жайда 2023 жылғы 1 шілде күні қолданысқа енгізіледі.