Қазақстанның үздік бүркітшілері анықталды. Фото
Құсбегілер арасында XVI чемпионат өтті.Атырау облысы, Жаңаталап ауылында қазақтың дәстүрлі спорты құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды, деп хабарлады республикалық "Құсбегілік" федерациясының баспасөз қызметі.
Жарысқа Қазақстанның 14 облысынан 50-ге жуық спортшы, қатысып, 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгі бәсекеге түсті.
Ересектер арасында бүркітшілер сайысы бойынша Қарашолақ атты құсты баптаған Күнтуған Арманбек жеңімпаз атанды. Екінші орын Абай облысынан келген Ерзат Байқадамовқа, үшінші орын астаналық Күнтуған Серікбек пен атыраулық Арман Қошқаровқа бұйырды.
Қаршығаны қолға шақырудан Түркістан облысының өкілі Дәурен Аршабай бас жүлдені иеленді. Жүлделі екінші орынға Бағдат Кеуенов ие болса, үшінші орынды елордалық Серікбек Күнтуған мен Құдайберген Рауильұлы өзара бөлісті.
Ал ителгі салудан Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев оқ бойы үздік шықты. Жамбыл облысының намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан екінші орынға, Түркістан облысын бастаған Ибрагим Базарбаев пен Бағдат Кеуенов үшінші орынға тұрақтады.
Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде қанжығылап, көш бастады. Астана қаласы және Ақмола облысының өкілдері екінші және үшінші орындарға жайғасты.
"Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Негізгі мақсат – ата дәстүрді дәріптеп, сан ғасырдан бері әдет-ғұрыпқа сіңісті болған дара өнерді бұқаралық спортқа айналдыру, сондай-ақ әлемдік деңгейге көтеріп, саяхаттап келуші туристердің қызығушылығын туғызатындай дәрежеге жеткізу", – деп жазылған хабарламада.
Чемпионатты Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық "Құсбегілік" федерациясы мен Атырау облыстық әкімдігінің ұйымдастырды.