Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында гидротехникалық құрылыстарды салу барысында 1 миллиард теңгеден астам ұрлық фактілері анықталды, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.

Бұл көрсеткіш агенттік басшысы Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Ол төрт тиісті қылмыстық іс бойынша бес адам тергеуде екенін атап өтті.

"Аумақтық басқармалардың басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне араласпай, бөгеттерді, су бұру құрылыстарын салуға, өзен арналарын тереңдетуге бөлінген қаржының қаншалықты ұтымды игерілгенін зерделеулері керек", – деп міндет қойды Малахов.

Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде ақша жинауда алаяқтыққа жол бермеу, сондай-ақ ең қажетті өнімдер мен құрылыс материалдарының қымбаттауына жол бермеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Агенттік жергілікті атқарушы органдармен жұмысты күшейтеді.


Оқи отырыңыз: Шымкентте басқарма басшысы сейсмикалық қауіпсіздікке бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елдегі су тасқынының салдарын жоюға қазірдің өзінде 140 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаражат бюджеттен де, ұлттық және жеке компаниялардан да, қоғамдық қорлардан да бөлінеді.