KazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров Қазақстанның 2023 жылғы сыртқы сауда нәтижелері бойынша мәліметтерді жариялады. 

Аталған кезеңде Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі Қытай болды. Қазақстанның бұл елге экспорт үлесі бірден 10 пайызға артып, 31,5 млрд АҚШ долларына (бір жыл бұрын – 24,2 млрд доллар) жеткен. Бұл көрсеткішпен Қытай 2022 жылы көш басында болған Ресейді екінші орынға ығыстырды. 

Ал Ресейге қазақстандық экспорт үлесі керісінше 1 млрд долларға төмендеген (2022 жылы – 27, ал 2023 жылы – 26 млрд доллар).

Қазақстанның сыртқы саудасы бойынша көрсеткіштер. Инфографика Нұрлан Құлбатыровтың Facebook парақшасынан алынды

Оқи отырыңыз: Президент Қытайдың Alibaba, JD.COM сауда алпауыттарының тауарын Қазақстанда сақтауды ұсынды


Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, Қазақстан Қытаймен қатар Азияның өзге елдеріне де экспорт үлесін айтарлықтай арттырған. 

"Қазақстан Азия елдеріне (Қытай (+10%), Гонконгқа (+34%), Оңтүстік Кореяға (+30%), Вьетнамға (+64%) шикізаттық емес экспортты ұлғайтты. Тауар айналымындағы Қазақстан экспортының үлесі 56,3% құрайды. Экспорттың жалпы көлемінде өңделген тауарлардың үлесі 32,1%-ды құрады", – деп жазды KazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары. 

Жалпы, 2023 жылы Қазақстанның экспорты 2022 жылмен салыстырғанда 4,3 млрд долларға артып, 139,8 млрд АҚШ долларын құраған. 

2023 жылы Қазақстанның сыртқы сауда бойынша негізгі он серіктесінің орындары өзгергенімен, жалпы құрамында өзгеріс болмаған.