Қазақстанның су баспаған аймақтарында негізгі ҰБТ-2024 басталды
Алты өңірде өтініштер әлі қабылдануда.Еліміздің 14 өңірінде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды, деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ол еліміздің 14 өңірінде тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасатынын түсіндірді. Бұл ретте алты облыста – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ-ға қатысуға тіркеу 20 мамырға дейін ұзартылды, ал тестілеудің өзі 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді.
"Биыл біз талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, гранттық конкурсқа қатысуға мүмкіндік беріп жатырмыз, оның ішінде екі талпынысты есепке алғанда 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, 330 мыңға жуық өтініш түсті. Өткен жылмен салыстырғанда тестілеуден өткендердің саны 19 мыңға артты, бұл елдегі демографиялық көрсеткіштердің өсуімен түсіндіріледі. 2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырған. Естеріңізге сала кетейін, алты облыста өтініштер әлі қабылдануда", – деді Болатбек Әбдірасылов.
Оқи отырыңыз: Президенттің "Өркен" білім грантын тағайындауға іріктеу байқауы басталды
Оның айтуынша, талапкерлердің басым көпшілігі – 75%-ы емтихан тапсыру үшін қазақ тілін таңдаған. Тестілеуден өткендердің 25%-ға жуығы орыс тілін таңдаса, 221 адам ағылшын тілін таңдаған.