ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Сейсмологиялық зерттеу институты" ЖШС алдын ала мәліметіне сәйкес, 6 қазан күні сағат 01:29-да Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жер сілкінісі сезілді.

Зілзала ошағы Қырғызстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 465 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы MPV 5.9, тереңдігі – 10 шақырым.

Жер сілкінісі Жамбыл облысының Тараз, Байзақ, Аса, Бауыржан Момышұлы ауылдарында және Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарында 3–4 балдық деңгейде сезілді. Түркістан, Кентау, Жетісай, Шу және өзге де елді мекендерде 2 баллдық дүмпу байқалған.

ҚР ТЖМ хабарлауынша, қираулар мен зардап шеккендер жоқ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Вице-министр Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, өңірлердегі жағдай талқыланды.

Мамандар қауіпті учаскелерге тексеру жүргізіп, топырақта жарықтар мен шөгу белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта сейсмологиялық мониторинг жалғасып жатыр.