Қазақстанның оңтүстігінде түнде жер сілкінді: зардап шеккендер жоқ

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Зілзала ошағы Қырғызстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 465 шақырым жерде орналасқан.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Сейсмологиялық зерттеу институты" ЖШС алдын ала мәліметіне сәйкес, 6 қазан күні сағат 01:29-да Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жер сілкінісі сезілді.

Зілзала ошағы Қырғызстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 465 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы MPV 5.9, тереңдігі – 10 шақырым.

Жер сілкінісі Жамбыл облысының Тараз, Байзақ, Аса, Бауыржан Момышұлы ауылдарында және Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарында 3–4 балдық деңгейде сезілді. Түркістан, Кентау, Жетісай, Шу және өзге де елді мекендерде 2 баллдық дүмпу байқалған.

ҚР ТЖМ хабарлауынша, қираулар мен зардап шеккендер жоқ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Вице-министр Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, өңірлердегі жағдай талқыланды.

Мамандар қауіпті учаскелерге тексеру жүргізіп, топырақта жарықтар мен шөгу белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта сейсмологиялық мониторинг жалғасып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары