2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 034 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 54,2 пайызы – Өзбекстаннан, 20,1 пайызы – Қытайдан, 11 пайызы – Ресейден, 6,4 пайызы – Моңғолиядан, 4,9 пайызы – Түрікменстаннан және 3,3 пайызы басқа елдерден келген.

Елімізге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды.

"Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 67,5 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,8 пайызды және зейнеткерлер 8,7 пайызды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,3% пайызы жоғары білімді, 37 пайызы орта кәсіби білімді, 38,4 пайызы жалпы орта білімді және 7,3 пайызының білімі жоқ", – деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Қазақстанда қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл өңірлерге биыл 1 925 қандасты қабылдау квотасы бөлінген. 1 маусымға дейін 787 қандас осы жақтарға қоныс аударды. Алайда қоныс аударушылар саны ұлғайса, квота мөлшері ұлғайтылуы мүмкін.

Бұл өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде жәрдемақы беріледі.


Оқи отырыңыз: Түрікменстанда тұратын мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алуға өтінім берді


Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Айта кетейік, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 115,1 мың этникалық қазақ оралған.