Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған қазақстандықтардың портретін әзірледі. Бұл санатқа негізінен 18-35 жас аралығындағы азаматтар енген. 

Қордың мәліметінше, Қазақстан тұрғындарының 3,4 миллион бөлігі (17 пайызға жуық) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған. 

"Талдау сақтандырылмағандардың 63%-ы – ерлер, ал 37%-ы әйелдер екенін көрсетті. Бір ескеретін жайт, аталған адамдардың басым бөлігі – 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастар. Жалпы алғанда, МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың көпшілігі – экономикалық белсенді адамдар", – делінген Медициналық сақтандыру қорының материалында. 


Оқи отырыңыз: 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?


Инфографика: Медициналық сақтандыру қоры

Инфографикаға сәйкес, сақтандырылмағандардың 45 пайызы – бұған дейін жалдамалы жұмыскер болғандар. 

"Олар қазіргі уақытта жұмысқа орналаспаған немесе бейресми жұмыс істеуі мүмкін, сол себепті олар үшін міндетті төлемдер жүргізілмейді", – деп түсіндіреді Медициналық сақтандыру қоры. 

Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер жарна төлеуді тоқтатқан. Олардың үлесі 7 пайызды құрайды.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде кіріс кіргізіп отырған жеке тұлғалар сақтандырылмағандар арасында 6,6 пайызды құрайды, тағы 4,4 пайызы – дербес төлеушілер.


Оқи отырыңыз: МӘМС: Кімдер тісін тегін емдете алады?


Ал Қазақстан азаматтарының 15 ы бұрын-соңды МӘМС-ке жарна төлемеген және жүйеге қатыспаған.

"Десе де, бұл сақтандырылмағандар медициналық көмексіз қалады деген сөз емес. Оларға қажет болған жағдайда мемлекет кепілдік берген пакетке кіретін (мысалы, ЖРВИ, улану, жарақат алу, шұғыл операция) медициналық қызметтер көрсетіледі. Нәтижесінде былтыр МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын 1,6 млн азамат 163 млрд теңгеге ТМККК аясында медициналық көмек алды", – делінген хабарламада.