Қазақстанда 1 маусымнан бастап мал иелеріне арналған TortTulik мобильді қосымша іске қосылады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаны ауыл шаруашылығы министрлігі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірледі. Қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге, әрбір жануар иесіне өз малын түгендеуге көмектеседі. Сондай-ақ, дәрігерлер ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алады.

"Қосымша смартфонда онлайн және офлайн режимде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда, бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринариялық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға болады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: "Ауыл" партиясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтың барлық түрінен босатуды сұрады


"TortTulik" ауыл тұрғындары үшін ақпараттық хабқа айналады. Сондай-ақ мобильді қосымшада саланың соңғы жаңалықтарын тарату мүмкіндіктері, алдағы вакцинация туралы хабарламалар және тағы басқа бар.

"Қосымша жаңартылған сайын ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізіледі. Қазақстандықтар sogym.kz қосымша бетінде жануардың ветеринариялық бақылауынан өткен өнімге тапсырыс бере алады. Әзірге TortTulik қосымшасы Android Playmarket-тен жүктеуге қол жетімді. Алдағы уақытта iOS-тағы смартфондарға бейімделіп әзірленеді" – делінген хабарламада.