Қазақстандықтар лицензия мерзімі аяқталуға жақындағанда SMS-хабарлама алады
eLicense.kz порталында пайдаланушыларды рұқсат құжаттары мен лицензиялардың қолданылу мерзімі аяқталатыны туралы алдын ала хабардар ететін жаңа функция іске қосылды. Енді жүйе құжаттың мерзімі бітуге 30 күн қалғанда автоматты түрде SMS-хабарлама жібереді, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Жаңа қызмет қазақстандықтарға қажетті құжаттарды уақытында ұзартуға дайындалып, қызмет барысындағы кідірістердің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін пайдаланушылар лицензиялар мен рұқсаттардың мерзімін өз бетінше бақылауы қажет болатын.
SMS-хабарламалар мерзімі белгіленген рұқсат құжаттары мен лицензияларға қатысты қызметтер үшін қолжетімді. Хабарламалар электрондық үкіметтің SMS-шлюзі арқылы 1414 қысқа нөмірінен жіберіледі.
Хабарлама үлгісі: "Құрметті пайдаланушы, Сіздің рұқсатыңыздың (рұқсат немесе лицензияның бірегей нөмірі) қолданылу мерзімі 30 күннен кейін аяқталады. Толық ақпарат алу үшін жеке кабинетке кіріңіз".
Проактивті қайта рәсімдеу қолжетімді қызметтер қатарына мыналар кіреді:
- пестицидтердің мемлекеттік тіркеуі;
- шығу тегі, элиталық және әртүрлі репродукциядағы тұқымдарды, сондай-ақ тұқым сатушыларды аттестациялау;
- II санаттағы объектілерге әсер етуге экологиялық рұқсат беру;
- I санаттағы объектілерге әсер етуге экологиялық рұқсат беру;
- бағдарламалық қамтамасыз ету мен электрондық өнеркәсіп өнімдерін сенімді бағдарламалар мен өнімдер тізіліміне қосу немесе одан шығару.
"SMS-хабарламалармен қатар, порталдағы бірқатар мемлекеттік қызметтерде рұқсат құжаттарын проактивті түрде қайта рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл процесс автоматты түрде жүзеге асады және мемлекеттік органдардың қатысуын немесе қосымша әрекеттерді талап етпейді. Проактивті қайта рәсімдеу лицензия иесінің негізгі деректері, мысалы, аты-жөні немесе ұйым атауы өзгерген жағдайда қолданылады", – делінген ресми хабарламада.