Қазақстандық ғалымдар қанша жалақы алады?
Орташа еңбекақы 257 мың теңгені құрайды.Қазақстанда ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге өсті. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын ғалымдардың жалақысы тұрақсыз болып, конкурстардың нәтижелеріне байланысты белгіленсе, енді жетекші ғалымдардың (1 200 адам) жалақысы базалық қаржыландыруға қосылған.
"Бұл ретте ғалымдарға төленетін қосымша авторлық сыйақының жалпы сомасы 338 млн теңгеге тең. Ал инновациялық жобаларды сатудан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады" делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз:
- Отандық ғалымдар ғылыми әзірлемесін пайдаланғаны үшін 320 млн теңге пайда көрді
- Қазақстандық ғалым күрделі сынықтарды емдейтін бірегей гидрогель ойлап тапты
Соңғы 2 жылда Білім және ғылым министрлігі 130 жобаны жүзеге асырып, оның 120-сы сату кезеңіне жеткен. Ғалымдарымыздың ғылыми жобаларының экспорты 346 млн теңгеден асты. Отандық ғалымдардың жобалары Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, Түркия, Чехия және басқа да елдердің нарығына шығады.
"Президенттің қолдауының арқасында 500 ғалым жыл сайын әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тегін тағылымдамадан өтеді. Соңғы екі жылда жас ғалымдардың саны мың адамға өсті. 2018 жылы олардың саны шамамен 8 мыңға жуық адамды құраса, 2021 жылы ғылым саласында еңбек ететіндер саны 9 200 жас ғалымға жетті" делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстанда барлығы 396 ғылыми ұйым бар, оларда 22 665 адам жұмыс істейді. Олардың 54 пайызы – әйелдер.