Қазақстандық ғалымдар Covid-19 індетіне қарсы нанокапсула әзірлеп жатыр
Ғалым Алмаз Шарман ол вакциналау процесін айтарлықтай жылдамдататынын айтты.Жуырда Израиль әлемде бірінші болып халқына Covid-19 індетіне қарсы пероральды вакцина салатын алғашқы мемлекет болмақ. Бұл туралы Oramed Pharmaceuticals бас директоры Надав Кидрон Jerusalem Post газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Осыған ұқсас нанокапсуланы қазақстандық ғалым Қайсар Табыновтың жасап жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Профилактикалық медицина академиясының президенті, америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман айтты.
"Бұл (нанокапсула әзірлеу – ред. түсіндірмесі) – өте қызық бағыт. Қазір осымен жұмыс істеп жатыр. Өткен ғасырдың 50-жылдары да вакцинаны ағзаға ине арқылы енгізген. Кейін ішінде профессор Чумаков бар бірнеше ғалым капсула түрінде вакцина ойлап тапты. Сол сияқты қазір бірнеше жаңа ұжым осымен жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, мұрынға арналған тамшы түріндегі вакцина жасалмақ. Мұнда үлкен логика бар. Өйткені, коронавирус бірінші кезекте мұрынға жиналады", – деді Алмаз Шарман.
Әрі қарай ол бұл бағыттағы жұмыстарға отандық ғалымдардың да үлес қосып жатқанын айтты.
"Нанокапсуламен қазір Аграрлық университетте қазақстандық ғалым Қайсар Табынов жұмыс істеп жатыр. Өте қызық бағыт, әзірге толық жүзеге аспады. Бірақ, Израиль, Австралия, АҚШ ғалымдары нақты осы бағытты қолға алды. Ол жасала салысымен екпе егу процесі айтарлықтай жылдамдай түседі. Вакцина бұрынғысына қарағанда қолжетімді болады. Бұдан өзге ине, егер кезде тазалықты қамтамасыз ету секілді талаптардан арыламыз. Адам жай ғана капсуланы жұтады. Логистика жағынан ыңғайлы және бұл қосымша қорғаныш қабатының пайда болуына тікелей әсер етеді", – деді маман.
Еске салсақ, Алматыда аса қажет медицина мамандарының жетіспеушілігін жою үшін резидентураға 120 грант бөлінді.