Қазақстандық киногерлер Кристина Михайлова мен Дана Сәбитованың "Өзеннің түстері" ("Сны реки") деректі фильмі өз дүниежүзілік премьерасын Forum Special бағдарламасы аясында Berlin International Film Festival халықаралық кинофестивалінде өткізді. Оның аясында фильм Экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне (Prize of the Ecumenical Jury) ие болды. 

"Біздің жүлдеміз өзен метафораға айналып, Қазақстандағы жас қыздарға өз тәжірибесімен, ашу-ызасымен және үміттерін бөлісуге мүмкіндік беретін деректі фильмге табысталады. Қатаң гендерлік стереотиптер, сексуалды зорлық-зомбылық және қарсылық білдіру кеңістігі тарылып бара жатқан қоғамда бұл батыл фильм өзеннің сұлулығын болашаққа деген үміттің, ішкі күштің және рухани терең ойдың қайнар көзі ретінде көрсетеді", – делінген қазылар алқасы берген бағада. 

Киногерлер ұжымы

Айта кетейік, Экуменикалық қазылар алқасының жүлдесі – А санатындағы халықаралық кинофестивальдерде (Берлинале, Канн, Локарно, Карловы Вары) табысталатын тәуелсіз кино марапаты. Бұл жүлде терең рухани, этикалық және гуманистік мәселелерді көтеріп, адамдар арасындағы диалог пен өзара түсіністікті дамытуға ықпал ететін фильмдерге беріледі. Әр жылдары бұл марапатты Вернер Херцог, Андрей Тарковский, Вим Вендерс, Алехандро Гонсалес Иньярриту, Ксавье Долан, Наоми Кавасэ, Терренс Малик, Хирокадзу Корээда және басқа да көрнекті режиссерлар иеленген.