Қазақстандық әуе компаниясы IATA Тұрақты даму бағдарламасын әзірлеуге атсалысты
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы Гонконгте өткен World Sustainability Symposium аясында өзінің Integrated Sustainability Program (ISP) деп аталатын жаңа сертификаттау бағдарламасын таныстырды, деп хабарлады IATA баспасөз қызметі.
Бағдарламаны әзірлеуге әлемнің бірқатар әуе компаниясы мен әлемдік авиация саласының серіктестері атсалысса, олардың қатарында қазақстандық Air Astana әуе компаниясы да болды. Компания бағдарламаның стандарттарын сынақтан өткізу және жетілдіру кезеңінде өз үлесін қосты.
Air Astana компаниясымен қатар бағдарламаны дамытуға Air Canada, Air New Zealand, Emirates, Finnair, EVA Air, Qatar Airways, Air Serbia, ANA, Gulf Air Group, IAG, Kenya Airways, Malaysia Airlines және Airbus компаниялары да қатысқан.
IATA хабарлауынша, ISP әуе компанияларына тұрақты даму бастамаларын басқару мен тиімділігін бағалаудың кешенді құрылымын ұсынады. Бағдарлама IATA Environmental Assessment (IEnvA) жүйесінің негізінде әзірленіп, келесі 4 негізгі модульден тұрады:
- Экологиялық басқару – ISO 14001:2015 қағидаттарына негізделген, қалдықтарды, су пайдалануын, шуды және биоәртүрлілікті жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз ететін IEnvA интеграциясын қамтиды.
- Тұрақты сатып алу – авиация саласында алғаш рет ISO 20400:2017 стандарттары енгізіліп, жеткізу тізбектері мен сатып алу тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.
- Әлеуметтік жауапкершілік – ISO 26000:2010, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі қағидаттары және ЭЫДҰ нұсқаулықтарын біріктіре отырып, компанияларға адам құқықтары мен қоғаммен өзара әрекеттесуде due diligence жүргізуге көмектеседі.
- Тұрақтылық көрсеткіштерін бағалау – ESG көрсеткіштерін бақылауға және есептіліктің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
IATA түсіндіруінше, сертификаттаудан жекелеген модульдер бойынша немесе толық интеграцияланған бағдарлама ретінде өтуге болады. Қайта сертификаттау әр екі жыл сайын тәуелсіз аудит негізінде жүргізіледі.
"ISP бағдарламасы әуе компанияның тұрақты даму саласындағы бастамаларын ең жоғары деңгейде басқаруын растайды. Ол экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерді біріктіріп, реттеушілерден бастап клиенттерге дейін барлық тараптар үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бағдарлама саланың ерекшеліктеріне бейімделген және шешім қабылдауда үздік әлемдік стандарттарға сүйенуге көмектеседі", – деді IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті және бас экономисі Мари Оуэнс Томсен.
WSS симпозиумында Air New Zealand және EVA Air компаниялары алғашқылардың бірі болып ISP тұрақты сатып алу модулі бойынша сертификатқа ие болды.