Қазақстандағы ең төменгі жалақы он мың теңгеге өсіп, 70 мың болады
Бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізіп жатыр. Бұл жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Ең төменгі жалақы деңгейін 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Алда зейнетақы жүйесі қайта жаңартылады. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесін 120 пайызға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай өзгерістер 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.