Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы басталды
Қазақстанда 25 қыркүйек күні сағат 12:00-де алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс басталды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлайды.
Сауалнама eGov Mobile мобильді қосымшасында жүргізіледі. Басты парақшада "АЭС-ке атау ұсыныңыз" баннері орналастырылған, ал пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберіледі. Бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқын көрсететін атау таңдау.
Қатысу үшін:
- тілді таңдау (қазақ немесе орыс);
- өз нұсқасын ұсыну;
- атаудың мағынасын қысқаша сипаттау (міндетті емес);
- конкурстың ресми қағидаларымен танысқанын растау.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазандағы сағат 23:59-ға дейін жалғасады.
"Конкурс қағидаларымен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында танысуға болады. Ұйымдастырушылар барлық азаматты еліміздің энергетика саласының тарихына үлес қосып, Қазақстанның алғашқы АЭС-на атау ұсынуға шақырады", – делінген агенттік хабарламасында.