Қазақстанда жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызға жуығы тозған
Алдағы бес жылда 2200-ден астам көлікті жаңарту міндеті тұр.Қазақстанда жедел жәрдем көліктерінің тозуы жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылғы тоғыз айда тозу деңгейі 40,7 пайыз шамасында болса, биыл көрсеткіш бірден 18 пайызға артып, 58,7 пайызға жеткен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда Жедел медициналық көмек қызметінде 2359 санитариялық автокөлік болса, олардың 81 пайызы, яғни, 1920-сы жүріп тұр.
Қалалардағы жедел жәрдем көліктерінің саны 1472 болса, қалған 887-сі ауылдарда қызмет көрсетеді.
Оқи отырыңыз:
- "Ештеңе өзгермейді". Министрлік жедел жәрдем жұмысы туралы мәлімдеме жасады
- Жедел жәрдем неше минутта келуі тиіс? 103 нөміріне хабарласарда білу керек 10 мәлімет
Денсаулық сақтау министрлігі бес (2024-2028) жылда 2264 көлікті жаңарту міндетіп қойып отыр: 2024 жылы – 427, 2025 жылы – 540, 2026 жылы – 331, 2027 жылы – 595, 2028 жылы – 371 көлік.
Оның ішінде биыл 22 санитариялық автокөлік сатып алынған (Абай облысында – 4, Түркістан облысында – 13, Маңғыстау облысында – 5 көлік), жыл соңына дейін 108 бірлік сатып алу жоспарланып отыр (Алматы қаласында – 48, Астана қаласында – 35, Ақмола облысында – 25 көлік).
"Санитариялық автокөліктердің тозуы мәселесін шешу мақсатында Министрлік мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына қалалық (4 жыл) және ауылдық санитариялық автокөлік (5 жыл) үшін тозу нормасын қайта қарау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін пысықтауда", – делінген денсаулық сақтау министрінің жауабында.