Ресей климатологы Алексей Кокорин Информбюро порталына берген сұхбатында Қазақстан мен Ресейде болып жатқан су тасқынына қатысты пікір білдірді. 


Сұхбаттың толық нұсқасы: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


Оның айтуынша, жаһандық жылыну процесі әлемнің құрғақ бөліктерінде әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Мұндай жағдайда өңірде жауын-шашын көбейгенімен, құрғақ аймақтар одан сайын құрғай түседі.

"Қазір Жер шарының барлық бөлігінде жаһандық жылыну болып жатқанын білесіз. Әсіресе, Жердің құрғақ бөліктерінде жылыну процесі көбірек байқалып отыр. Менің ойымша, бұл процесс Қазақстанда екі есе қатты жүріп жатыр. Жер шарының көп жерін мұхиттар алып жатқандықтан, жауын-шашын көп. Температураның градусы көтерілген сайын жауын-шашын мөлшері де бірнеше пайызға өседі. Мұндай кезде тек жауын-шашын көбейіп қоймай, құрғақ аймақтар одан сайын құрғай түседі. Мысал ретінде Африка, Орта Азия мен Жерорта теңізі маңындағы елдерді айтуға болады. Қазақстан туралы айтар болсақ, оның оңтүстік бөлігінде құрғақшылық байқалады", – деді Алексей Кокорин.

Оның сөзінше, әлем көміртегі бейтараптығына жетпеген жағдайда жылу толқындары 3 есе көбейеді.

"XIX ғасырда 10 жылда бір рет қатты жауған жауын-шашын қазір 30 пайызға жиілеген. Әрине, бұл көрсеткіш барлық жерде бірдей емес, бір жерде 30 пайыз, бір жерде 50, тағы бір жерде 7 пайыз болуы мүмкін. Жалпы алғанда, жауын-шашын бұрынғыға қарағанда жиілегенін айтып отырмын. Десе де, оның мөлшері он есе өспейді, бүкіл әлемді су басып кетпейді. Дегенмен, мемлекеттер қазір болып жатқан жағдайдан қорытынды шығарып, сабақ алған дұрыс", – деді климатолог. 


Оқи отырыңыз: Ұлы Жем өзені арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары басталды