Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті Ашық НҚА порталында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасының жобасын қоғам талқысына ұсынды.

Жобада Қазақстандағы қазіргі тілдік ахуалға сипаттама берілген. 

"Қазақстанда азаматтардың тілдік құзыреттілігі әртүрлі қалыптасып отыр. Атап айтқанда, қазақтілділер, қазақ-орыстілділер, орыстілділер, этникалық қазақша, этникалық орысша тілділер немесе этникалық орысша-қазақша үш тілді білетіндер және қазақ-орыс-ағылшын үш тілді меңгергендер", – деп жазылған тұжырымдама жобасында. 

Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артып келеді. 


Оқи отырыңыз: 32 жылда тек "Тілдер туралы" және "Көші-қон туралы" заңдар ғана қазақ тілінде әзірленді


Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде оқи, жаза және сөйлей алатындарының үлесі төмендегідей:

Түркітілдес халықтардың ішінде:

  • өзбектердің 72 пайызы;
  • ұйғырлардың 71,7 пайызы; 
  • қырғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. 

Бұл ұлттардың 12 пайызы қазақша оқып, жазуды жоғары деңгейде меңгергені анықталған. 

Славян диаспорасы ішінде:

  • орыстардың 25,1 пайызы;
  • украиндардың 23,7 пайызы;
  • белорустардың 22,8 пайызы; 
  • поляктардың 22,1 пайызы; 
  • неміс диаспорасының 25,2 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. 

"Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – 2,9 пайызды құрайды. Көрсетілген сандық өзгерістер мемлекеттік тіл қолданысының сапасын әлі де болса жақсартуды талап етеді", – деп жазылған тұжырымдама жобасында.


Оқи отырыңыз: Ырымшыл – Yrymshyl: Тоқаев латын әліпбиіне көшуде енді қателесуге болмайтынын ескертті


Құжатты жария талқылау мерзімі – 21 сәуірге дейін.