Адамның қылмыс жасауына 250 фактор әсер етеді. Олардың бастылары әлеуметтік, экономикалық, географиялық, миграциялық, демографиялық жағдайлармен байланысты. Осы орайда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету концепциясы әзірленіп, 2024-2028 жылдары арасында тиісті жарлықпен бекітіледі, деп мәлімдеді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Комитет өкілінің айтуынша, концепцияның басты ерекшелігі – осы уақытқа дейін жиналған қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы жүйелік қиындықтарды шешуге бағытталғандығы. 

"Жүйелік басты қиындықтардың бірі – мемлекеттік органдар әрекетінің бытыраңқылығы. Әркім алдын алу шарасы дегенді әртүрлі түсінеді. Сол себепті қай органның нақты неге жауап беретінін белгілеу қажет", – деді Ренат Зұлқайыров. 


Оқи отырыңыз: "Айыппұлмен құтылмайды, сотта татуласпайды". Отбасында зорлық-зомбылық көрсететіндерге жаза күшейді


 Ары қарай ол азаматтардың қылмысқа баруына себепкер бірнеше факторды атады. 

"Қылмыскерлердің 80 пайызы – жұмыссыз жүрген азаматтар. Ал қылмыс жасаған жасөспірімдердің 47 пайызы еш жерде оқымаған және жұмыс істемеген. Бұдан өзге адамдар қылмыстың 50 пайызын мас болғанда жасайды", – деді комитет өкілі. 


Оқи отырыңыз: Оқушыларға неше жастан, қайда, қандай және қанша уақыт жұмыс істеуге рұқсат? 


Сондай-ақ, ол Астанада тең жарты қылмысты шеттен келгендердің жасайтынын атап өтті. Айтуынша, бұл мәселелерді күшпен шешу мүмкін емес.