Қазақстанда қоғамдық орындарда рұқсатсыз фото-видео түсіруге тыйым салынуы мүмкін
Енді елімізде адамдарды өзінің рұқсатынсыз фото-видеоға түсіруге болмайды. Және қамсыз кетіп бара жатқан жанның "жүрегін алып", қорқытып пранк түсіретіндердің де тренді жойылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, қоғамдық орындарда ескертусіз камера ала жүгіруге жол берілмейді. Тіпті кадрға ілінген әр адамды көндіруіңіз керек.
Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға, пранкке түсіруге тыйым салуды қолға алды. Алайда кейбірі министрлік жаңа норманы шенеуніктерді қорғау үшін қабылдамақ деп сынады.
"Біздің мақсатымыз - адамдарды рұқсатсыз, кез келген жерде бейнежазбаға түсіруді шектеу. Мемлекеттік қызметкерлерді видеоға түсіру қалыпты жағдайға айналды, оған бәріміз үйрендік. Бірақ мәселе тек шенеуніктерде емес, жалпы түсірілім тәртібін ретке келтіруде. Қазір пранктер мен рұқсатсыз жасалатын жеке түсірілімдер көбейді. Сондықтан жаңа норманы жан-жақты талқылап, енгізу қажет деп санаймыз", – деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Өзгеріс күшіне енсе, кадрға кірген әр жеке тұлғадан түсіруге рұқсат сұрау қажет болады. Ал оның келісімінсіз фото немесе видео жасау және жариялау заңмен шектеледі.
Айта кетейік, елімізде қоғамдық орында түсіруге рұқсат етілген, бірақ адамдардың бейнелерін пайдалануға қатысты шектеулер бар. Яғни азаматтарды олардың келісімінсіз түсіре алғаныңызбен, рұқсатсыз ешқайда жариялауға болмайды.