Қазақстанда музыкалық аспаптарды ұшақпен тасымалдауға жаңа талап қойылады
Қазақстанда домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды ұшақпен тасымалдау тәртібі бекітіледі. Бұл туралы көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл мәселе әлеуметтік желілерде домбыраны тасымалдауға қатысты даулы жағдайлардан кейін көтерілген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитетіне тиісті тапсырма берілген.
"Музыкалық аспаптарды, соның ішінде домбыраны тасымалдауды заңды түрде реттеу қажет. Жақын арада жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережесіне өзгерістер енгізіледі. Бір ай ішінде шешім қабылданады деп күтіліп жатыр", – деді вице-министр сенаттағы брифингте.
Жаңа ережелерге сәйкес, музыкалық аспаптардың салмағы мен көлеміне қарай нақты талаптар белгіленеді. Сонымен қатар жолаушыларға аспапты алып жүру үшін әуе компаниясын алдын ала хабардар ету міндеті енгізілуі мүмкін.