Қазақстанда мектепті аудан әкімдігінің құзырына беруге қарсы петиция жарияланды
Бүгін "e-Petition" сайтында Аудандық білім бөлімдерін әкімдіктерге қайта бағындыру нормасына қатысты петиция жарияланды.
Оның авторлары қазір Парламент деңгейінде қаралып жатқан мектептерді қаржыландыруға бөлінетін бюджеттің біршама бөлігін аудандық әкімдіктердің құзыретіне беру мәселесіне қатысты пікір білдірген.
Олардың айтуынша, ұсынылып отырған норма Қазақстанның OECD стандарттарына ұмтылысына қайшы келеді.
"Аудан әкімдіктеріне қайтару аймақтық теңсіздіктің ушығуына әкеп соғады. Бай аудан мен дотациялық аудан мектептері арасындағы алшақтық ұлғаяды. Сонымен қатар, бірыңғай білім кеңістігі бұзылады: оқу бағдарламалары мен сапа стандарттарын әр әкімдік өзінше түсіндіруі мүмкін. Бұл Конституцияда көрсетілген жалпыұлттық бірлікті нығайту және білім құндылықтарын орнықтыру қағидаттарына қайшы. Ең бастысы, мұндай жағдайда мықты педагогтар жүйеден кетіп, адами капитал жоғалады", – делінген петицияда.
Еске салайық, Қазақстанда білім беру саласына арналған бюджеттің бір бөлігін облыстық деңгейден аудандық деңгейге беру мәселесі қаралып жатыр. Депутаттардың айтуынша, орталықтандырылған қаржыландыру жүйесі мектептердің мәселелерін жылдам шешуге кедергі.
Оқу-ағарту вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, бұл мәселе жұмыс тобында депутаттардың ұсынысы негізінде қаралып, Үкімет тарапынан қолдау тапқан. Қазір құжат мақұлдаудан өтіп жатыр және екінші оқылымда тағы талқыланады.
Егер өзгерістер қабылданса, аудандық әкімдіктер мектеп инфрақұрылымын басқаруда көбірек қаржылық дербестікке ие болады. Бұл жөндеу, жабдықтау және білім беру ұйымдарын күтіп ұстауға байланысты жергілікті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.