Қазақстанда күзде ұн тапшылығы бола ма?
Қазір ел бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар.Бізде экспорттауға арналған 2,5 миллион тонна астығымыз бар. Алайда елдегі тапшылықты ескере отырып экспорт көлемін 1 миллион тоннаға дейін азайту туралы шешім қабылданды, деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
"Соңғы кезде "Ұн мен нан бағасы қымбаттайды" деген ақпарат тарап жатыр. Біз өз тарапыздан ішкі нарықта бидай мен ұнға тапшылық жоқ екенін айтқымыз келеді. Әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеулерге байланысты бидай мен ұнға сұраныс артқаны белгілі. Осы себепке байланысты әлемдік нарықта бидай мен ұн бағасының өскені байқалады. Бұған қарамастан әр өңірдің физиологиялық тұтыну нормаларын ескере отырып тұрақтандыру қорларынан қажет көлемде ұн сатып аламыз. Қазір жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мың тоннаға жуығы осы тұрақтандыру қорларында сақталған", – деп сендірді ҚР АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова.
Сондай-ақ, департамент директоры мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік нан мен ұнның бағасы әрдайым тұрақты болатынын айтты. Десе де кей ұн түріне бағаның өсетінін жасырмады.
Оқи отырыңыз: Алматыда алып-сатарлар нанды үстіне 300 теңге қосып сатқан
"Әрине, жоғары сұрыпты немесе кебек аралас ұндарға сыртқы нарықтың бағасы тікелей әсер етеді. Қазір ішкі нарықта, азық-түлік корпорацияларында ұнның қажет қоры бар. Баға жоғарылаған сайын осы қорлардың есебінен нарыққа ұнды арзан бағамен жіберіп, үнемі бағаны тұрақтандыру шараларын қолданып отырамыз", – деді Назгүл Хатепова.
Департамент басшысының айтуынша, қазір елде бар қор 3-4 айға жеткілікті. Ұн өндірісінің үздіксіз жүруінің арқасында қор үнемі толықтырылып отырады. Сол себепті алда тапшылық туындайды деуге негіз жоқ.
Мұнымен қатар, ол күзде тапшылық тек табиғи жағдайлармен байланысты болуы мүмкін екеніне тоқталды.
"Елдегі ажиотажға байланысты ведомствоаралық комиссия 1 сәуір күні бидай экспортын квоталау туралы шешім қабылдады. Яғни қазір экспортқа шығаратын 2,5 млн тонна астығымыз болса, соның бір миллион тоннасын квоталаймыз. Ал қалған 1,5 млн тоннасы келесі егін жинауға қалады. Кейін 15 маусымда нарықтағы жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз", – деді Айдарбек Сапаров.
Оқи отырыңыз: Астық одағы: Қазақстанда нан тағы да қымбаттайды