Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан Yessenov Technopark жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорда.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы инновациялық зертханалар мен шеберханаларды аралап көрді. Онда жастар электроника, робототехника, лазерлік кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік сияқты түрлі бағыттар бойынша тәжірибе жинақтайды.

Сонымен қатар, Президент IT-мамандарды халықаралық бағдарлама бойынша даярлайтын оқу аймағы мен цифрлық және телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға арналған зертхананың жұмысымен танысты.

Студенттермен жүздескен Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамыту маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ көлік-логистика саласында білікті кадрларға сұраныстың артып келе жатқанын тілге тиек етіп, жастарды сапалы білім алуға және елдің болашағын бірге қалыптастыруға үндеді.