
Қазақстанда туризм мамандығын таңдаған студенттер енді бакалавр дәрежесін 3 жыл ішінде аяқтай алады. Бұл өзгерістер туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов хабарлады. Жаңа оқу бағдарламасы студенттердің уақытын үнемдеп, кәсіби ортаға жылдам шығуына мүмкіндік береді. Министр бұл қадамның туризм саласындағы білікті мамандардың қатарын арттырып, ел экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.
"Кадр даярлау бойынша халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстанда алғашқылардың бірі болып триместрлік оқу жүйесін енгізді. Бұл формат студенттерге бакалавр дәрежесін 3 жыл ішінде алады, яғни оқу мерзімін тиімді қысқартуға мүмкіндік береді. Оқу үдерісінде дуалды оқыту моделі табысты іске асырылып жатыр. Бұл дегеніміз оқу процесінің 60%ы – өндірістегі тәжірибеден, 40%-ы университетте теориялық білімнен тұрады", – деді Ербол Мырзабосынов.
Оқи отырыңыз: "Біртұтас тәрбие" енді – "Адал азамат". Бағдарлама оқушыларға не береді
Білім беру саласындағы заманауи технологияларды интеграциялау аясында университетте бизнес-процестерді цифрландыру белсенді түрде қолға алынуда. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың маңызды бір қадамы ретінде мультимедиалық студияның ашылуы атап өтілуде. Бұл студия цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға, студенттерге қолжетімді және интерактивті білім алу мүмкіндігін ұсынуға бағытталған. Сондай-ақ, цифрландыру үрдісі университеттің әкімшілік және академиялық қызметтерін тиімді және жедел жолмен жүргізуге мүмкіндік береді.
"Оқу үдерісі ақпараттық жүйеде толық цифрландырылды. Студентті тіркеуден бастап, бағалау мен үлгерімді бақылауға дейінгі барлық қызмет біріктірілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр университетті бітірген 460 студенттің 92,8%-ы (428 түлек) өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрды", – дейді ведомство басшысы.