Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылы Қазақстанда көкжөтелмен сырқаттанушылық 2,4 есеге төмендегенін хабарлады.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері елде көкжөтелдің 83 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай аз.

"Осы жылдың алғашқы төрт айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациямен 178,9 мың бала қамтылды. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 51,6 мың бала, 1 жастағы 46,7 мың бала және 6 жастағы 80,7 мың бала бар", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар белгіленген мерзімде екпе алмаған балаларды толықтыра иммундау жұмыстары жалғасып жатыр.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері вакцина алмағандар қатарындағы 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірім көкжөтелге қарсы қосымша вакцинациямен қамтылған.

Ведомство өкілдері иммундау жұмыстары қолда бар вакциналар көлемі негізінде жүргізіліп жатқанын және бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.