Елде бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруға қатысты Үкімет қаулысы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер ұлғайтылады.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер қазіргі алынатын мөлшерінен 10 пайызға арттырылады. Бұл өзгеріс аталған санаттағы азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.

Қазақстанда еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер әр азамат үшін жеке есептеледі.


Оқи отырыңыз: 2026 жылдан бастап жеке куәлік алғаш рет және мерзімі аяқталғанда тегін беріледі


Төлем көлемін анықтау кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейі, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ мүгедектік тобы ескеріледі. Ал асыраушысынан айырылу жағдайында төлем мөлшері асырауында қалған адамдардың саны мен марқұмның бұрынғы табысына байланысты есептеледі.