2026 жылдан бастап жеке куәлік алғаш рет және мерзімі аяқталғанда тегін беріледі

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
2026 жылдан бастап жеке куәлік тегін беріледі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рет алған кезде, сондай-ақ оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж салығын төлемейді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құжаттандыру саласында цифрландыруды белсенді түрде енгізіп келеді. Қазіргі уақытта паспорттарды электронды форматта рәсімдеу мүмкіндігі тек Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде де қолжетімді. Аталған қызмет 71 елдегі 99 шетелдік мекемеде іске асырылған. Соның нәтижесінде шетелде жүрген Қазақстан азаматтары паспортты бұрынғыдай 6 ай күтпей, небәрі 30 күн ішінде ала алады. ІІМ азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында құжат беру рәсімін оңтайландыру және цифрландыру жұмыстарын жалғастыра бермек.

Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, Қазақстанда халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріледі, жеке куәлік пен паспорттар рәсімделеді, сонымен қатар азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу жүзеге асырылады.

ІІМ бастамасымен енгізілген бұл жаңашылдық құжат алу үдерісін жеңілдетіп, азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.

"Алғаш рет берілетін жеке куәліктер де, мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырылатын құжаттар да тегін болады", – деп атап өтті комитет төрағасы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары