Қазақстанда ірі қара көп болғанымен, әлемдік ет нарығында ірі ойыншы емес – Dala.Camp
Turan қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығы мен Dala.Camp кәсіби қауымдастығының деректеріне сәйкес, бүкіл әлемде етке сұраныс артып келеді, сәйкесінше экспортқа бәсекелестік те артуда. Оған қоса, ветеринарлық стандарттар мен өндіріс стандарттары өзгеруде, ал Қазақстан ішінде тұрақты және басқарылатын даму моделіне көшу қажеттігі байқалады.
ФАО мен USDA деректері бойынша әлемдегі ірі қара саны шамамен 0,9-1,1 млрд бас, ал 2022-2024 жылдары әлемдегі сиыр еті өндірісінің көлемі жылына 58-61 млн тонна деңгейінде.
АҚШ, Бразилия және Үндістан әлі де ірі өндірушілер қатарында. Ал етке (соның ішінде сиыр етіне) жаһандық сұраныс тұрақты өсуде: бұған халық санының өсуі, дамушы елдердегі әл-ауқаттың артуы және Азия мен Африкадағы тамақтану әдеттерінің өзгеруі себеп болып отыр.
"Алайда, әзірге Қазақстан сиыр етінің әлемдік нарығында маңызды ойыншы емес: экспорттаушы елдер бойынша салыстырмалы материалдарда еліміз жүйелі әлемдік экспорттаушылар тобына кірмейді және жаһандық жеткізілімдердің елеулі үлесін қалыптастырмайды. Сонымен қатар, сиыр етінің әлемдік нарығы жоғары шоғырланған – экспортты сапа стандарттарын, өнімді сегменттеуді (мұздатылған/салқындатылған) және нарықтың баға логикасын айқындайтын шектеулі елдер ғана (соның ішінде Бразилия, Үндістан, АҚШ, Аустралия) қалыптастырады", – дейді Dala.Camp сарапшылары.
Turan қауымдастығының мәліметі бойынша, Қазақстан 8,6 млн мал басы санымен 39-орынды иеленді. Бұл статистика Қазақстан ірі қара мал саны көп мемлекеттердің әлемдік тобына кіретінін көрсетеді. Алайда, бұл ресурс экспортқа және қайта өңдеуге айналмайды. Географиялық орналасу қосымша артықшылық саналады: жеткізілімдердің логистикалық картасының бағалауы бойынша негізгі нарықтарға қолжетімділік 2-ден 10 күнге дейінгі мерзімде қамтамасыз етілуі мүмкін, бұл Қазақстанды қашықтағы экспорттаушыларға қарағанда тиімді етеді.
Сарапшылар Қазақстанның экспорттық әлеуеті сұраныспен емес, саланың ішкі ұйымдастырылуымен – мал басының құрылымымен, стандарттау деңгейімен, басқарумен, кооперациямен шектелетінін атап өтті.
"Өсудің негізгі кедергісі жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) үстемдігі болып қала береді: мал басының басым бөлігі экспорттық тізбектерге интеграцияланбаған, әлсіз стандартталған және қаржыландыру мен басқаруға қол жетімділігі шектеулі сегментте шоғырланған. Қосымша тәуекел факторы баға құбылмалылығын күшейтетін және фермерлердің инвестициялық мотивациясын төмендететін тұрақты оффтейк механизмдерінің болмауы болып қала береді. Бұл ретте салаға инвестициялар фрагменттік сипатқа ие, ал өндірістік көрсеткіштер көбіне сонымен бірдей экономикалық нәтиже бермейді", – дейді сарапшылар.
Еске салайық, 14-15 ақпанда Бурабайда "Қазақстанның ет индустриясындағы ірі қара: болашақтың жол картасы" тақырыбында Dala Camp Forum 2026 халықаралық мал өсірушілер форумы өтеді. Форумның мақсаты – алдағы 10 жылға салаға қарқын беретін, оның мәдениетін қалыптастырып, дамуын айқындайтын күшті кәсіби платформа құру. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, АҚШ, Бразилия, Голландия, Франция, БАӘ және Түркиядан 150-ге жуық делегат жиналады.
"Қазақстанның етті мал шаруашылығы өзгерістер кезеңінде тұр. Сала экономика мен экспорттың тұрақты драйвері бола ала ма, әлде бөлшектелген және осал болып қала ма, мұның бәрі қазір қабылданып жатқан шешімдерге байланысты. Бұл тұрғыда Dala.Camp форумы – нарықтың архитектурасы мен оны дамытудың практикалық тетіктері қалыптасатын салалық жұмыстың бір бөлігі болмақ", – дед қазақстандық Turan мал өсірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев.