Қазақстанда ауылдардың бюджеті 240 млрд теңгеге артады
Қазақстанда ауылдық округтердің бюджетін арттыру мақсатында бірқатар салық түсімдерін ауылдық елді мекендердің өзіне беру жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сенат депутаттарына берген жауабында айтылған.
Атап айтқанда, келесі салық түсімдері ауыл бюджетіне беріледі:
- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының 50 пайызына дейінгі мөлшері (нақты үлесі аудандық мәслихаттың шешімімен айқындалады);
- қызметтің жекелеген түрлерімен толық көлемде айналысу құқығы үшін салынатын лицензиялық алым.
"Бұл түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді және Үкіметтің тиісті қорытындысы Президент әкімшілігіне келісуге жіберілді. Олар қабылданса, ауылдық округтердің бюджетіне 240 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдер түседі", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Премьер-министрдің мәліметінше, ауылдық округтердің бюджеті 25 түрлі салықтық және салықтық емес түсімдерден, сондай-ақ аудандық бюджеттен берілетін трансферттен құралады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық деңгейдегі бюджеттерге іс жүзінде 442,3 млрд теңге түскен, оның ішінде меншікті кірістер 147 млрд теңгені немесе бюджеттің жалпы көлемінің 33,2 пайызын құраған.
"Қазіргі уақытта 2025 жылғы түсімдерге әрбір ауылдық округ бөлінісінде талдау жүргізіліп жатыр. Кіріс базасын кеңейту мақсатында 2026 жылдан бастап кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдік балшықтар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы ауылдық округтердің бюджеттеріне берілді", – деді Олжас Бектенов.