Қазақстанда арзан дәрілердің бағасы енді нарықпен реттеледі
1 маусымнан бастап дәрі бағасына өзгеріс енгізіледі.
Қазақстан Үкіметі 1 маусымнан кейін бағасы 1 айлық есептік көрсеткіштен (4325 теңге) төмен дәрілердің бағасын мемлекеттік реттеуден шығаруды жоспарлап отыр. Яғни, мұндай дәрі-дәрмектердің құнын енді нарық өзі айқындайды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша өткен отырыста мәлімдеді.
Үкімет тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі:
- 1 маусымға дейін көтерме және бөлшек сегменттегі бағасы 1 АЕК-ке дейінгі дәрілерді дерегуляциялауды аяқтауға тиіс;
- 1 шілдеге дейін "бір терезе" қағидаты бойынша дәрілер мен медициналық бұйымдарды тіркеуді толық енгізуі керек;
- ал бағасы 1 АЕК-тен жоғары дәрілерді 1 желтоқсанға дейін кезең-кезеңімен реттеуден шығаруы қажет.
Бұл өзгерістер фармацевтикалық нарықты ырықтандыруға және бәсекелестікті арттыруға бағытталған.