2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елдегі ең ірі екі такси қызметі рулі оң жақтағы көліктерді платформаларына тіркемейді.

Бұл туралы үкіметтегі брифингте көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап "Яндекс.Такси" мен Indriver өз платформаларында рулі оң жақтағы көліктерді тіркемейді. Көлік министрлігі мен осы екі компания арасында тиісті келісімге қол қойылған", – деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, енді осы екі компания жаңа жылға дейін платформадағы рулі оң жақтағы көліктерді анықтап, платформадан алып тастайды. Демек, олар енді такси қызметін тоқтатады.

Сонымен қатар Қазақстан нарығына жаңа такси қызметі кіруі мүмкін. Эстониялық Bolt компаниясы такси саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр.

"Басқа да халықаралық агрегаторлар да біздің нарыққа кіруді пысықтап жатыр. Мәселен, Bolt компаниясынан ұсыныс болды. Бұл эстониялық компания Еуропадағы өте танымал. Олар бізге хабарласып, еліміздің нарығын қарастырып отыр. Егер осы компания бұл қызметті іске қосу туралы шешім қабылдаса, біз оларды қолдаймыз", – деді Қарабаев.

Оның айтуынша, жаңа компания нарыққа кірсе, осы бәсекелестік елімізде такси тарифін төмендетуге ықпал тетеді.