Көлік министрі Марат Қарабаев жаһандық inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томскиймен кездесу өткізді.
Кездесу көлік саласын дамытуға арналды. Көлік қызметтері саласындағы ең танымал мобильді қосымшалардың бірінің негізін қалаушы мен Көлік министрі көліктегі қауіпсіздікті жақсарту және өзара серіктестік бойынша бірлескен шаралар туралы келісімге келді. Сондай-ақ жылдамдық режимі туралы деректерді өзара алмасу мәселесін Индрайвер сервисі, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесе талқылады.
Арсен Томский мен Марат Қарабаев Қазақстанның көлік саласын бірлесіп дамытуға келісті. Тәжірибесі мол, білікті мамандары көп inDrive платформасы министрлікпен ынтымақтастық жасап, салаға инновациялық технологияларды енгізеді.
Бұған дейін маусым айында inDrive, Көлік министрлігі және ІІМ арасында үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісімдер аясында қалалық және қалааралық көлік қатынастарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жүргізіліп жатыр. Мәселен, платформада жүздеген серіктес-жүргізуші жол қауіпсіздігі ережелері мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша оқудан өтті. Тамыз айының басында Алматы-Қонаев тас жолының қауіпті учаскесінде ІІМ және Көлік министрлігі бірлесіп жол қауіпсіздігі туралы билбордтар орнатты.
Биыл inDrive компаниясының Қазақстанда жұмыс істегеніне 10 жыл толып отыр. Астана қаласы 2014 жылдан бастап халықаралық деңгейде дамыған компанияның алғашқы баспалдағы болды. Осы жылдар бойы сервис реттеуші органдардың талаптарын қатаң сақтай отырып жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, елде сегіз жүзден астам адам жұмыс істейтін компанияның ең ірі кеңсесі ашылды. Өткен жылы inDrive негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды. Бизнесті дамытумен қатар, компания Қазақстанда әртүрлі салалардағы әділетсіздікке қарсы бағытталған бірқатар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.