Қазақстанда 15 млн ағаш отырғызу жоспары мерзімінен бұрын орындалды
Қазақстанда елді мекендерді көгалдандыруға бағытталған 15 млн ағаш отырғызу жоспары мерзімінен бұрын асыра орындалды. Нақтысында, жоспарланған көрсеткіштен артық – 18 млн көшет отырғызылған. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман және өсімдіктер әлемін өндіру және пайдалану басқармасының басшысы Азамат Әбуов мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және "Таза Қазақстан" бастамасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
"Мемлекет басшысының елді мекендердің аумағына 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы бар. Биыл бұл тапсырма алдын ала орындалды, яғни 18 млн ағаш отырғызылды. Аталған жұмыс "Таза Қазақстан" бастамасы аясында одан әрі жалғасады", – деді Азамат Әбуов.
Сонымен қатар, елімізде 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жоспары да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 1 миллион гектардан астам аумақта 1,6 млрд көшет егілген.
Экологиялық жағдайды жақсарту бағытында ірі жобалардың бірі Қызылорда облысында жүзеге асуда. Атап айтқанда, Арал теңізінің құрғаған табанында орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта бұл аумақта 1 миллион гектардан астам жерге көшеттер отырғызылған.
Мамандардың мәліметінше, аталған жұмыстар ғылыми сүйемелдеу арқылы іске асырылып, заманауи технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Бұл бастамалар өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыруға және шаң-тұз дауылдарының алдын алуға бағытталған.