Баум тоғайында бірде-бір ағаш кесілмейді – Алматы әкімінің кеңесшісі

Фото: Ильзат Ақчуриннің Telegram арнасы
Фото: Ильзат Ақчуриннің Telegram арнасы
Тоғайда бүгінде 104 429 ағаш және 5081 бұта бар.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының коммуникация және БАҚ-пен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Ильзат Ақчурин Баум тоғайына қатысты түсініктеме берді. 

"Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен ҚР АШМ Орман шаруашылығы ғылыми-инновациялық институты жүргізген түгендеу деректеріне сәйкес, сау екпелер – 55%, әлсіреген – 23%, өсімі тежелген – 12%, қурау бастағандар – 8%, қурап біткен және апатты жағдайдағысы – әрқайсысы 1%. Осылайша, апатты жағдайдағы ағаштардың үлесі жалпы санының 9%-дан сәл ғана асады. Бұл БАҚ-та бұрын таралған "48% ағаш кесіледі" деген ақпаратты жоққа шығарады", – деді Ильзат Ақчурин. 

Жалпы, "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар. 

Алматы әкімінің кеңесшісі 2026 жылы аумақты абаттандыру аясында тоғайдың жасыл қорын нығайту және табиғи шығындарды өтеу үшін мыңнан астам жаңа ағаш отырғызу бағдарламасы іске асырылатынын атап өтті. 

"Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға барынша аз араласу қағидатымен атқарылады. Абаттандыруда цемент-бетон бұйымдарын қолданбай, экологиялық материалдар пайдаланылады. Экологиялық жүргінші жолақтары мен энергоүнемдегіш жарықтандыру орнатылады, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция бекеттері мен бейнебақылау жүйелері қарастырылады. Тоғайды қалпына келтіру жұмыстары қатар жүруде. 2023 жылы еріктілер Сиверс алмасы мен жапырақты тұқымдардың 1430 көшетін, 2024 жылы емен, шырша және өрік ағаштарының 720 көшетін отырғызды. Жұмыс еріктілер мен демеушілер есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүзеге асырылуда", – деді ол. 

Серіктестер жаңалықтары