Қазақстанда 13 шілдеден бастап цифрлық белгісі жоқ темекіге айыппұл салынады
Темекі өнімдері Data Matrix кодымен таңбаланады.2022 жылдың 13 шілдесінен бастап цифрлық таңбалау коды жоқ темекі өнімдерінің айналымы үшін айыппұл салынып, тауарларды тәркілеу мен лицензиядан айыру жүзеге асырылады, деп хабарлайды цифрлық экономиканы дамыту орталығының баспасөз қызметі.
Бұл өзгерістер ҚР 2022 жылғы 11 шілдедегі №137-VІI "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 283-бабына енгізілді.
Аталған өзгерістерді енгізу темекі өнімдеріне акциздік марканың жойылуына байланысты жүзеге асырылды. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне және "Темекі өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңына өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес "акциздік маркалар" деген термин "сәйкестендіру құралдары" деген сөз тіркесімен ауыстырылды.
"Темекі өнімдерін сәйкестендіру мақсатында бұрыннан бар қадағалау және таңбалау әдісімен – Data Matrix кодымен ауыстыру туралы шешім қабылданды. "Цифрландырудың" арқасында жылына 840 миллион теңге көлеміндегі қаражат үнемделеді", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы айыппұл мөлшері қалай өзгерді? 12 әкімшілік құқық бұзушылыққа шолу
Енді 2022 жылғы 13 шілдедегі ӘҚБтК-нің 283-бабына қабылданған өзгерістерге сәйкес, темекі бұйымдарында цифрлық таңбалау жоқ болған жағдайда да дәл осындай жаза қолданылады. Яғни, қазіргі уақытта темекі өнімдеріне акциздік марканың функциясын толығымен ауыстырған таңбалау темекі өнімдерін идентификациялау құралы болып отыр.
"Акцизделетін өнімді акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларынсыз, сол сияқты белгіленбеген үлгідегі және сәйкестендіруге келмейтін таңбалармен сақтау, өткізу және тасымалдау түрінде жасалған, акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалануға жататын акцизделетін тауарлардың айналымы – құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болып табылған акцизделетін тауарлар тәркілене отырып, сондай-ақ, лицензиядан айыра отырып, жеке тұлғаларға – 50 АЕК (153 150 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК АЕК (459 450 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (612 600 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК (1 531 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады", – делінген хабарламада.
Қазақстандағы темекі өнімдері нарығының көлемі 2021 жылы 1,57 млрд қорапты құрады.
Оқи отырыңыз: АЕК, ЕТЖ және ең төменгі күнкөріс деңгейі артады. 2022 жылы әлеуметтік төлемдер қалай өзгереді?