Ашық НҚА порталында "Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою туралы" ҚР президенті жарлығының жобасы жарияланды. Жобада Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім және Қазақстанның қорға қандай шарттармен мүше болатыны баяндалған.

Еске салайық, аталған қорды құру туралы шешімді Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан басшылары 2021 жылғы 12 қарашада Ыстамбұл қаласында қабылдаған болатын. 

Түркі инвестициялық қорының жарғылық капиталы Қордың жарғылық капиталы 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Жарғылық капитал әрқайсының номиналды құны 50 мың АҚШ доллары болатын 10 мың акцияға бөлінуге тиіс. Сәйкесінше, жарғылық капиталдың бестен бір бөлігін, яғни 100 млн АҚШ долларын Қазақстан құяды. 


Оқи отырыңыз:


Түркі инвестициялық қорының ережесі бойынша, қордың штаб пәтері Ыстамбұл қаласында орналасады, бірақ өзге елдерде кеңселер ашуға рұқсат етіледі. Қордың жұмысы 20 жылға есептелген, бірақ тараптардың келісімі бойынша қор жұмысы мерзімінен бұрын тоқтатылып немесе ұзартылуы мүмкін. 

"Түркі инвестициялық қорын құру өзара мүдделі салалардағы даму жобаларын қолдауда цифрлық инфрақұрылым, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризмді қоса алғанда, өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік-логистикалық тізбектерді, сақтау және өндірістік қуаттарды кеңейтуге қолдау көрсетуге, физикалық және өндірістік қорларды құруға және жаңғыртуға ықпал етеді" деп жазылған жобаның түсіндірме жазбасында.

Жобаны онлайн талқылауға 29 наурызға дейін қатысуға болады.