Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жол ашатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысы бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен серіктестіктің беріктігін растайтынын айтты. Президент өз сөзінде сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын, түрлі саладағы ынтымақтастық жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанын жеткізді.

Серджо Маттарелла да қонақжайлық үшін алғыс айтып, екі ел қарым-қатынасын тереңдетудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы сауда, мәдени және білім салаларындағы байланыстар жылдан-жылға артып келеді.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлем жолдады.