Қазақстан аумағында 14 мың шетел азаматы жұмыс істеп жүр
Корпоративтік ауыстыру аясында 3 150 адам тартылды.1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 049 шетел азаматы жұмыс істеп жүр, деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:
- басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 576 рұқсат (бірінші санат),
- құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 598 рұқсат (екінші санат),
- негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 353 және 473 адам.
Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 1 899 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 150 адам тартылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Грузиядан келген заңсыз мигранттар анықталды
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 796 жұмыс беруші бар. Оларда 436,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,8%—ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша:
- ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 397 адам,
- ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 897 адам,
- әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 592,
- тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 293 адам,
- өңдеу өнеркәсібі – 1 252 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:
- Қытай – 4 123 адам,
- Өзбекстан – 1 968 адам,
- Түркия – 1 152 адам,
- Үндістан – 1 114 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.